879db1bf-3c73-4502-a40b-70175cf7a7c8

Оқушылармен жүздесу

Жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері Ш.Айманов мектебі ұйымдастырған «Ертіс-Баян өңірінің әдебиеті» атты факультативті сабағында қонақ болдық. Ордалы білімнің қарашаңырағы құшақ жая қарсы алды.

Оқушылармен қазақ тілінің жай-күйі туралы әңгіме өрбітіп, авторлық өлең оқып, аталмыш мектептің кітапхана сөресіне «Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы» атты өңірімізде жарық көрген антологияны табыс еттік. Антологияда ауданымыз бен облысқа белгілі ақындардан бөлек, республикаға танылып жүрген шайырлардың жырлары жарық көрген еді. Осы мектептің шәкірті, талапты оқушы Ернұр Қанаш та өз шығармашылығынан шашу шашты. Ш.Айманов мектебінің оқушылары сұхбат барысында белсенділігімен байқалды. Олар өнер, тіл, әдебиет һәм мәдениет сияқты салаларда есті сұрақтар қойды. Қойылған сұрақтарға лайықты жауап беруге тырысып бақтық. Көксегеніміз қазақ тілінің дамуы екенін саналарына сіңіруге тырыстық.

Оқушылармен дидарластырған мектеп ұстазы Елмира Мергенбайқызына алғыс білдіреміз! Осы форматтағы кездесу-жиындар әлі де болады деп сенеміз.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық

филиалының төрағасы.

1c28a1d8-5866-43e2-a15a-dc900bcd140a

Жақсымен өткен жарқын жүздесу

Қ.Исабаев атындағы Баянауыл аудандық орталық кітапханада Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының және  «Жыр-тұма» поэзия клубының ұйымдастыруымен осы өңірден шығып, айтыс өнерімен республикаға танымал болған жерлесіміз, көптеген додада топ жарып жүрген, «Жүрсіннің жүйріктерінің» қатарынан табылып, республикаға белгілі талай азулы ақындармен сөз қағыстырған  айтыскер ақын, елімізде болып жатқан әртүрлі жағдайларға бей-жай қарамайтын қоғам белсендісі, Түркия елінде сауда саласындағы кәсіппен айналысып жүрген «NK бизнес» жеке кәсіпкерлігінің иесі Нұрқанат Қайратпен кездесу кеші өтті.

Аталмыш кешке Баянауыл ауылының мектептерінің оқушылары және ұстаздары қатысты. Осы кешке арнайы келген Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Самал Жақыпова құлақ құрышы қанар әндерді көпшілікке тарту етті. Айтулы кеште Нұрқанат жас көрермендерге пайдасы тиер жігерлі сөздерімен әдемі әсер қалдыра білді. Сонымен қатар, қазақ тілінің жай-күйі әңгімеге арқау болып, Түркиямен салыстырмалы түрде біраз мысал келтірді. Жерлестеріне сауда, кәсіп саласындағы жай-күйді баяндап, тәуекел етуден қорықпауға шақырды. Кездесуде ол айтыстағы қызықты оқиғаларды да ортаға салды. Алдағы жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар, кеш қонақтары Нұрқанаттың ұстазы Таңат Ахатов, өнердегі һәм өмірдегі ағасы Айбат Ыдырысов өз лебіздерін  білдірді. Осы жиын барысында, Нұрқанат өзі ұйымдастырған байқаудың нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Ш.Айманов мектебінің оқушысы Ернұр Қанашқа сыйлық табыстады.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,

 «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық

 филиалының төрағасы,

Павлодар облысы.