Моңғолияда Серік Бердімұратұлының атағын ұлықтауға арналған той өтті — Өткен аптада Бай-Өлке төрінде Серік Бердімұратұлының «Мемлекеттік піл» дәрежесін алуына орай және Т.Очирооның садақ атудан «Мемлекеттік мерген» атағын алуына байланысты арнайы той ұйымдастырылмақ, деп хабарлаған едік. Осы аптада аталған өңірде атақты балуанның құрметіне арналған дүбірлі той өтті.
Бұл туралы тағы да «Kaznews»ақпараттың порталы хабарлаған болатын.
Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Баян-Өлгий аймағында өткен бұл тойда балуандар сайысында 64 балуан күш сынасып, Дорнод аймағының палуаны Д.Анар бірінші орын, Архангай аймағының балуаны О.Мөнх-Эрдэнэ екінші орын иеленді. Баян-Өлгий аймағының балуаны Н.Мустафа мен Булган аймағының палуаны Б.Түвшинтөгс үздік үштікті қанағат тұтқан.
Сонымен қатар өткен ақындар айтысында Айдос Рашатұлы бас жүлде жеңіп алды. Екінші орын Іңкәрбек Әділханұлына бұйырған.
Айта кету керек, Серік Бердімұратұлы Баян-Өлгий аймағы азаматтары арасынан 76 жылдан кейін мемлекеттік піл атағына қол жеткізген балуан. Бұған дейін 1946 жылы Моңғол Халық республикасының 25 жылдық мерей тойында алғаш рет Әбдіғажы Терлікбайұлы бұл атақты жеңіп алған екен.
Серік Бердімұратұлының мемлекеттік піл атағын ұлықтау тойында Баян-Өлгийліктер қомақты байғазы ұсынып, құрмет көрсеткен.
Add a Comment