24a74e75-6a81-4b7c-971f-52f1a6239046

Көркемсөз оқу шеберлері

Баянауыл ауылы Қалмұқан Исабаев атындағы аудандық кітапхана ғимаратында ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» аудандық конкурсы өтті.

Айта кетерлігі, мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды іздеп табу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай былтырғы жылы, яғни 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында өтуі тиіс еді. Бірақ, осы аралықтағы мерекелерге байланысты 2023 жылдың ақпан айына шегерілді. Ұлт ұстазы, ақын, аудармашы, қазақ әліпбиінің іргетасын қалаған қоғам қайраткері Ахмет атамызды, жалпы тарихи тұлғаларымызды ұлықтау үшін белгілі бір жылдық шектеуі жоқ екені баршаға аян.

Салтанатты шара ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Мұқатайұлының және «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы ізгі тілектерін білдірумен бастау алды.

Оқушылар арасындағы сайыс қазақтың белгілі жазушыларының прозалық шығармаларынан және Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларынан, оның ішінде міндетті түрде А.Байтұрсынұлының «Мысалдарынан» үзінді оқу тапсырмаларынан құралды. Бұл сайысқа ауданымыздың мектептерінің ішінде өткен іріктеуден жеңіп шыққан оқушылар қатысты.

Аудандық сайыстың қазылар алқасы «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы, Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің ақындар сыныбының ұстазы Женісбек Пәзіл және орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өлкетану бөлімінің кітапханашысы Гүлсара Қарабекова оқушылардың өнерін бағалады.

«Ахмет Байтұрсынұлының атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» аудандық конкурсына 13 оқушы қатысты. Сайыс нәтижесі бойынша, Майқайың кенті, М.Әуезов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Өсерхан Мадина, Ақши жалпы негіздегі мектебінің 8-сынып оқушысы Айшагүл Жүнісбекова, Д.Рахметов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Құралай Дайыржанова мен Б.Хайдаров атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Еркежан Кәукен, Лекер жалпы негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы Әкімбек Саябек, Ж.Аймауытов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Ақбота Аманкелді, Егіндібұлақ мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрсәт Серікбаев пен 7-сынып оқушысы Айтәлі Хамит және Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы Ақерке Амангелді Алғыс хаттарға ие болды.

Тегеурінді 3-орын Сұлужон мектебінің 8-сынып оқушысы Айым Тұрсынбековаға бұйырса, 2-орынға Қ.Кемеңгеров атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Сабина Дихан лайық деп танылды. 1-орынға иелік еткен Ж.Ағаділов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Рымгүл Қайролла болса, Бас жүлде М.Ж. Көпеев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Нұралы Исабектің қанжығасына байланды.

Көркем сөз оқу жеңімпаздары грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Аталмыш сайысқа қатысқан өнерпаз жастарыға жарқын болашақ тілейміз.

Жүсіпбек ӘБІЛЕШ,

Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің тілшісі.

Add a Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *