Халықаралық «Қазақ тілі»қоғамы» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалы мен «Отандастар қоры» бірігіп, Иран елінен келген қандас бауырларға ана тілін үйренуге жағдай жасады.
Адамға екі нәрсе керек тегі,
Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі.
Жүсіп Баласағұн
Қайда жүрсек те, қанымыз қазақ, жанымыз қазақ. Тіл бар жерде қазақ ұлты бар. Әрбір қазақ ана тілін ардақтайды. Өйткені елге деген махаббатың да, салт – дәстүріне деген құрметің де тілге байлаулы.
Облысымыз күннен күнге Иран Ислам Республикасынан келген этникалық Қазақтармен толығып отыр. Қандас ағайындарымыздың өз ана тілінде тілін дамыту, қазақша сауатты сөйлеп, жазуға үйрету басты мәселелердің бірі десек те болар.
Осы орайда, қандас ағайындарымыздың тілін сақтап қалуына жағдай жасау мақсатында 2022 жылдың 05 шілдесінен бастап «Қазақ тілін үйренемін!» атты оқыту курсы өз жұмысын бастады. Курс Ақтау қаласы білім бөлімі басшылығының қолдауымен «Ф.Оңғарсынова атындағы №29 жалпы білім беретін мектеп»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қабырғасында жүргізіледі. Курс оқытушысы Ақтау қаласындағы «Н.Оңдасынов атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп» КММ – нің 20 жылдық еңбек өтілі бар, педагог – зерттеуші санатындағы Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Нұрбергенова Салима Амангелдіқызы. Ол оқыту курсының мақсатын білімалушылардың ауызша және жазбаша ойын грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс бере білуге үйрету, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы олардың сөздік қорын байыту деп атап көрсетті.
Қазақ тілінің сауаттылығына үйрену курсына қатысушы қандас ағайындарымыздың бүгінгі күндегі саны – 36, оның 6 білімалушысы мектеп жасындағы балалар. Курсқа қатысушылар 2 топқа бөлініп, әр топтағы апталық жүктеме 3 сағат, аптасына 2 рет өткізіледі.
Барлық курсқа қатысушылардың білім алуға деген құштарлығы жақсы, олар сабақты қазақ тілінде қанша дыбыс, әріп бар, дауысты, дауыссыз дыбыстар бір – бірінен қалай ажыратылады, олар қанша, неше әріптің дыбысы жоқ, дыбыстарды айтқанда қандай мүшелер қозғалысқа келеді деген сұрақтар төңірегіндегі тақырыптармен бастаған болатын. Қазіргі таңда (3 аптаның ішінде) қазақ әліпбиін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының айырмашылығын, екпін, буын, сөз құрау білімдерін, топтық, жұптық жұмыс дағдыларын меңгеріп, грамматикамен жұмыс істеу үстінде.
Туған жерге табан тіреп, тұрақтаған қандас ағайындарымыз тарихын біліп, ана тілін ұмытпай, сауатты меңгеріп алса екен деген тілегіміз бар.
Add a Comment