Біздіңтарих

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылу тарихы

Халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамы — қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым. Тілге деген халық серпілісінің сергек қимылынан, бейбіт кезеңдегі бірауыздылығының, ел мүддесін бірлесе ойлауы мен шешудің бір көрінісі іспетті дүниеге келген айрықша одақ.

изображение_2022-12-24_192400430

1989 жылғы 22-қазанда Алматыдағы Əуезов театрында «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрылтайы болды. Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып,міндеттері айқындалды. «Қазақ тілі» қоғамыда өз жұмысын ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің Жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді. Қоғамның мақсаты: қазақ тілінің республикада және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына байланысты мемлекеттік, қоғамдық әр түрлі ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтарға, жеке азаматтарға көмек көрсету;

тиісті мекемелермен бірлесе отырып, тіл дамытуға қажетті ғылыми-әдістемелік, оқу-анықтамалық құралдар, бағдарламалар, сөздіктер, тілашарлар тәрізді анықтамалықтар шығаруды ұйымдастыру;
қазақтың ертедегі және осы замаңғы мәдениет үлгілерін, тарихын, әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өзге ұлт өкілдеріне таныстыра отырып, жалпы адамзаттық рухани игіліктердің өз ортамызда да өpic алуына қамқорлық жасау;
мемлекеттік тіліміздің ең алдымен республикамызда заңғасәйкес насихатталып, қанат жаюына септігін тигізер бұқаралық ақпарат құралдары (радио, теледидар, баспасәз т. б.) мен конференция, кеңес, семинар тәрізді түрлі шаралар өткізуге қамқорлық жасау;
мектепке дейінгі мекемелерде, орта кәсіптік-техникалық училищелерде, арнаулы орта білім беретін және жоғарғы оқу орындарында негізгі пәндерді қазақ тілінде жүргізу жәйін қадағалап, ретіне қарай жәрдем керсету және басқа да тілдік орталарды пайдалана отырып, тіл мейрамдары мен лингвистикалық олимпиядалар, тақырыптық кештер мен белгілі мәдениет қайраткерлерімен кездесулер өткізуге ұйытқы болу.

«Қазақ тілі» қоғамының республикада және одан тыс жерлерде де бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, Моңғолия, Түркия, Қарақалпақстан, Түркіменстанда «Қазақ тілі» қоғамыныңның бөлемшелері бар. Сондай-ақ Франция, Швеция, Америка, Қытайда тұратын отандастарымыз «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болып табылады.

1992 жылы 26-қарашада Алматыда республикалық «Қазақ тілі» қоғамының 2-құрылтайы болып өтті. Оған еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаевтың арнайы қатысып, сөз сейледі. 2-құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебеге иеленді. Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. Жоғары аталған мемлекеттік тілге байланысты алуан түрлі шаралар 2- және 3- құрылтай аралығында да үздіксіз жүргізіліп отырды, әсіресе 1993, 1994, 1995 жылдары Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Семей, Талдықорған, Шымкент қаласында көшпелі мәслихаттар өткізіліп, нақты шаралар белгіленіп отырды. Мұндай мәжілістер жергілікті жерден қолдау тауып қалалық, аудандық бас қосулар өтті.

1996 жылы 21-қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 3-құрылтайы өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйымдар жөніндегі заңға сәйкес республикалық мәртебеге ие болып қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды. Осыған орай Жарғы да қайта түзіліп біраз жаңалықтар енгізілді. Әділет министрлігінің талабына лайықты жазылған Жарғыда атап керсетілгендей, бұдан бұрынғы жерде барлық облыстар, халықаралық, аудандық ұйымдар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшілері болып саналды да, түскен қаржы-қаражаттар бір орталыққа шоғарландыру арқылы жұмсалатын болды. Ал ұйым өзінің халықаралық қоғам деген атын сақтап қалды.

 

2011 жылы 22- қыркүйекте  Көкшетау қаласы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және «Руханият» айының шеңберінде Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V Құрылтайы өтті.  Құрылтайға еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шет елдерден делегаттар, танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысты. Сол кездегі Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және т.б. баяндама жасады. Сондай-ақ  Құрылтайда Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Тұрсынбаев Әбуислам, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Светлана Бабкина, Алла Платонова, Диана Мелихова, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев сынды тіл белсенділері  сөз сөйледі.

2021 жылы 26-қарашада Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық меркесі қарсаңында Түркістандағы «Farab» кітапханасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Мемлекеттік тілдің мәселесі қозғалған маңызды жиынға өңірлерден 57 делегат шақырылды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысты. Құрылтайда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент әкімшілігі мен ел үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жоспарларды саралап, тиісті тапсырмалар мен жоспарларды бекітті.

Қоғамның жаңа президенті болып алаштанушы, тарихшы, саясаткер, Алаш әскерін зерттеуші, қоғам қайраткері, ойшыл ғалым, бүгінде ұлт ұясы Ұлытау өңірінің әкімі Берік Әбдіғалиұлы сайланып, Бас кеңсесі Алматы қаласынан Астанаға көшірілді.
Бүгінде осыған дейін 37 филиалы болған Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының биыл 80-нен аса филиалының ашылуы рəсімделіп, елдің 17 өңірінде толық тіркелді. Енді облыстардағы жаңадан ашылған филиалдар мен бөлімшелердің жұмысын жүйелеу қолға алынуда.
Әр өңірдегі филиалдар бүгінде қарқынды жұмыс істей бастады. Заман дамыған, техника жаңарған осы кезде бізге қарқынды арттырмасақ, кемітуге болмайды. Әлемде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық майдандар біздің ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмеу керек.
Міне, жыл өткен сайын біздің жас ұрпақ та ана тілін бастауыш сыныптан бастап тереңдетіп оқитын болды. Көңілді бір қуантқан тағы бір жай: биыл 1-сыныпқа барған 400 мыңға жуық баланың 70% қазақ тілінде оқуды таңдаған.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңаша қадамы – «Көрнекі» жобасы. Бұл жоба арқылы тиянақты жұмыс атқарылып келеді. Атап айтатын болсақ, астаналық филиал мен Қостанай облыстық филиалында “Көрнекі” жобасы жүзеге асырылу үстінде.