Бүгін ауданымызда «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет әлемі: қазақ тілінің бүгіні, болашағы» деген тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Батыс Қазақстан облысының инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми бөлім басшысы, ф.ғ.д, профессор Мұрат Бөкенбайұлы Сабыр модераторлық еткен конференцияның пленарлық отырысында қазіргі қазақ тілінің жай-күйі мен мәртебесі төңірегінде онға тарта ғалымның баяндамалары тыңдалып, ұсыныстары айтылды. Алғаш сөз алған Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали қазіргі әдебиеттанудағы А.Байтұрсынұлының ғылыми әдіс-танымдық ұстанымдарының даму бағытында өз ойын ортаға салса, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева «А.Байтұрсынұлы мұрасы: қазақ болмысының тілдік бейнесі» тақырыбында көсіле сөйлеп, мазмұнды ойларымен бөлісті. Одан әрі сөз алған республиканың түкпір-түкпірінен келген ғалымдарымыз: филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата ат. Қызылорда университетінің доценті Болат Елтайұлы Боранбай, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Ұлдай Рысқалиқызы Ержанова, филология ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жұмазия Мәжитқызы Әбдірахманова, тілші-ғалым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру, кадр ісі бөлімінің басшысы Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев, филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, доцент Күлзат Қаниқызы Садирова, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата ат. Қызылорда мемлекеттік университетінің, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әсия Базарбайқызы Алмауытова, филология ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ғабит Қайыржанұлы Хасанов, Қызылорда қаласының Н.Ілиясов ат. №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Махсутқызы Елемесова сынды ғалымдарымыз Ахмет әлемі мен қазақ тілі ғылымының мәселелері төңірегінде кесек-кесек ойлары мен келісті пікірлерін көзі қарақты көрерменнің алдында ортаға салды.
Сондай-ақ, ғалымдар тарапынан бірқатар келелі ұсыныстар да осы конференция барысында айтылды. Мәселен, Ұлдай Рысқалиқызы тегіміздегі ұлттық кодты қалыптастыру турасында кеңінен тоқталса, Болат Елтайұлы қолданыста жүрген латын әліпбиін әлі де толықтыра түсу қажет екендін ерекше атап өтті. Ал тіл жанашыры Болат Өтеғалиұлы өз баяндамасын қорытындылай келе, мектеп жасындағы баланың бастауышта бірнеше тілді қатар оқуы үлкен қателік екендігін атай келе, қазақ баласы бастауышты тек ана тілінде ғана оқуы өте маңызды екендігін, сөйткенде ғана баланың тілдік қорының толыға түсіп, ана тілінде еркін сөйлей алуына ықпал етуге болатынын қадап айтты.
Конференция мазмұнын қорытындылай келе Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру, кадр ісі бөлімінің басшысы Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев ауданымыздың: Айгүл Джоламанова, Тілеген Калиев, Самат Байболат сынды азаматтарына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директорының атынан алғыс хаттар табыс етті.
Шара соңында аудан әкімі конференцияның мазмұнды һәм мәнді өтуіне атсалысқан ғалымдарымыз бен қадірлі меймандарға алғысын білдіре отырып, жерлесіміз, Ақбұлақ ауылының тумасы, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева апамызға салтанатты тұрде «Ауданның құрметті азаматы» атағын табыс етіп, ықылас-құрметін көрсетті.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Аудандық филиалының
атқарушы хатшысы Самат БАЙБОЛАТ,
БҚО, Шыңғырлау ауданы
Add a Comment