апапа

Әр ата-ананың міндеті

«Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Аққулы аудандық филиалы аудан орталығындағы «Айналайын» балабақшасында «Қазақ тілім – мақтанышым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Оған балабақша басшысы және тәрбиешілері қатысты. Шара барысында аудандық филиал төрайымы А.Бижанова және орынбасары Шынасыл Ховланды ана тіліміз — қазақ тілі жылдар бойы кездескен қиындыққа төтеп беріп келе жатқанынан мысалдар келтірді. Әрине бүгінгі тіл жағдайы әжептәуір жақсарған. Мүмкіндік әртарапты. Тек ұлт мүддесіне тиімді бағытта өрбіте білу басты мақсатымыз. Қоғамда үлгілі жас отбасылар ана — бала — тәрбиеші арасындағы ортақ байланысындағы тіл, тәрбие, дін, салт дәстүрдің дұрыс қалыптасуына үлес қосып жүр. Бұл — тәуелсіздігіміздің жемісі!

Осы ретте қоғам белсенділері тәрбиешілер болашақтың мығым болуына бірден бір ықпал жасай алатынына сенімдерін білдірді. Бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Өз кезегінде тәрбие ошағының қызметкерлері бүгінгі күні балалармен өткен шаралардың арқасында  орыс тілінде сөйлеп кірген біраз балалар қазақ тілінде үйлеріне жиналатынын айтты. Бақшаны тәмамдаған ересек топтағы әр баланың әрі қарайғы тілдік жағдайы барған ортаға байланысты екені бәрімізге мәлім. Сол себепті ұрпақ болашағының шыңы биік болуы үшін әр ата — ана өз үлесін қосса игі болар еді. Шара соңында балабақша тәрбиешілеріне аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі «Балапан» журналын тарту етті.

Гүлнар Жанболатова,

 Аққулы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

879db1bf-3c73-4502-a40b-70175cf7a7c8

Оқушылармен жүздесу

Жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері Ш.Айманов мектебі ұйымдастырған «Ертіс-Баян өңірінің әдебиеті» атты факультативті сабағында қонақ болдық. Ордалы білімнің қарашаңырағы құшақ жая қарсы алды.

Оқушылармен қазақ тілінің жай-күйі туралы әңгіме өрбітіп, авторлық өлең оқып, аталмыш мектептің кітапхана сөресіне «Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы» атты өңірімізде жарық көрген антологияны табыс еттік. Антологияда ауданымыз бен облысқа белгілі ақындардан бөлек, республикаға танылып жүрген шайырлардың жырлары жарық көрген еді. Осы мектептің шәкірті, талапты оқушы Ернұр Қанаш та өз шығармашылығынан шашу шашты. Ш.Айманов мектебінің оқушылары сұхбат барысында белсенділігімен байқалды. Олар өнер, тіл, әдебиет һәм мәдениет сияқты салаларда есті сұрақтар қойды. Қойылған сұрақтарға лайықты жауап беруге тырысып бақтық. Көксегеніміз қазақ тілінің дамуы екенін саналарына сіңіруге тырыстық.

Оқушылармен дидарластырған мектеп ұстазы Елмира Мергенбайқызына алғыс білдіреміз! Осы форматтағы кездесу-жиындар әлі де болады деп сенеміз.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық

филиалының төрағасы.

24a74e75-6a81-4b7c-971f-52f1a6239046

Көркемсөз оқу шеберлері

Баянауыл ауылы Қалмұқан Исабаев атындағы аудандық кітапхана ғимаратында ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» аудандық конкурсы өтті.

Айта кетерлігі, мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту мен тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды іздеп табу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай былтырғы жылы, яғни 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында өтуі тиіс еді. Бірақ, осы аралықтағы мерекелерге байланысты 2023 жылдың ақпан айына шегерілді. Ұлт ұстазы, ақын, аудармашы, қазақ әліпбиінің іргетасын қалаған қоғам қайраткері Ахмет атамызды, жалпы тарихи тұлғаларымызды ұлықтау үшін белгілі бір жылдық шектеуі жоқ екені баршаға аян.

Салтанатты шара ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Мұқатайұлының және «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы ізгі тілектерін білдірумен бастау алды.

Оқушылар арасындағы сайыс қазақтың белгілі жазушыларының прозалық шығармаларынан және Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларынан, оның ішінде міндетті түрде А.Байтұрсынұлының «Мысалдарынан» үзінді оқу тапсырмаларынан құралды. Бұл сайысқа ауданымыздың мектептерінің ішінде өткен іріктеуден жеңіп шыққан оқушылар қатысты.

Аудандық сайыстың қазылар алқасы «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы, Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің ақындар сыныбының ұстазы Женісбек Пәзіл және орталықтандырылған кітапхана жүйесінің өлкетану бөлімінің кітапханашысы Гүлсара Қарабекова оқушылардың өнерін бағалады.

«Ахмет Байтұрсынұлының атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» аудандық конкурсына 13 оқушы қатысты. Сайыс нәтижесі бойынша, Майқайың кенті, М.Әуезов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Өсерхан Мадина, Ақши жалпы негіздегі мектебінің 8-сынып оқушысы Айшагүл Жүнісбекова, Д.Рахметов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Құралай Дайыржанова мен Б.Хайдаров атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Еркежан Кәукен, Лекер жалпы негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы Әкімбек Саябек, Ж.Аймауытов атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Ақбота Аманкелді, Егіндібұлақ мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрсәт Серікбаев пен 7-сынып оқушысы Айтәлі Хамит және Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы Ақерке Амангелді Алғыс хаттарға ие болды.

Тегеурінді 3-орын Сұлужон мектебінің 8-сынып оқушысы Айым Тұрсынбековаға бұйырса, 2-орынға Қ.Кемеңгеров атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Сабина Дихан лайық деп танылды. 1-орынға иелік еткен Ж.Ағаділов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Рымгүл Қайролла болса, Бас жүлде М.Ж. Көпеев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Нұралы Исабектің қанжығасына байланды.

Көркем сөз оқу жеңімпаздары грамоталар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Аталмыш сайысқа қатысқан өнерпаз жастарыға жарқын болашақ тілейміз.

Жүсіпбек ӘБІЛЕШ,

Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің тілшісі.

84aac09e-4577-49e6-8136-85136d770d84

«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы»

27 қаңтар күні аудандық ішкі саясат бөлімі, жергілікті «Қазақ тілі» қоғамымымен және орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп, Міржақып Дулатұлы атындағы №3 орта мектебінде «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы өткізілді. 

Байқау мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, қазақ тілін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді ұлт жастарын ынталандыру, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік қасиеттерін дәріптеу. Байқау мемлекеттік тілде өткізіліп, үй тапсырмасынан және төрт кезеңнен тұрды. «Ана тілім — айбыным» — таныстыру, қатысушы өзін қысқаметражды бейнеролик түрінде таныстырды, «Өнерліге өріс кең» — қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармашылығы бойынша үзінділермен бөлісу. Байқауы кезеңдері — «Сөзжұмбақ», «Сөзмерген» және «Ойлан тап».

Қорытындысы бойынша өзге ұлт өкілдерінің арасынан 1-орынға Михельман Светлана (Алакөл ЖББОМ), 2-орынға Отт Яна (Алакөл ЖББОМ), 3-орынға Чуприкова Ева (Железин №2 ЖББОМ) ие болды.  Қазақ балаларынан 1-орынға Даутова Диана (Аққайың ЖББНМ), 2-орынға Шарипов Ануар (Железин №3 ЖББОМ), 3-орынға Шаймарданова Меруерт (Железин №2 ЖББОМ) ие болды. Қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Номинацияларға ие болған конкурсантар — Халилова Зарина (Башмашын ЖББОМ), Иманбалинова Алтынай (Железин №3 ЖББОМ), Сергазина Асем (Железин №3 ЖББОМ).

Железин аудандық филиалы

Павлодар облысы

b1115a18-5770-416e-b0fd-147b43c229d6

Бала тәрбиесі баршаға ортақ

Железин ауданының М. Дұлатұлы атындағы мектебінде «Бала тәрбиесіндегі отбасы құндылықтарының рөлі» тақырыбындағы ата-аналар лекторийі өтті.

Лекторий өткізуге «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысындағы филиал басшысы Хызыр Жанарыс мырза және  Марғұлан атындағы педагогикалық институтының психология кафедрасының оқытушысы, «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің қамқоршысы, психолог маман  Рахимжанова Арай Белгібайқызы  және облыстық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің белсенді әкелері  келді. Шараға  мектептің ата-аналары мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, «Нұр-Ана әлемі» мұсылман әйелдер қоғамының аналары қатысты.

Лекторий  ата –аналардың мектеппен, мұғаліммен тығыз байланыс арттыру және мейрімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетуге және бала  тәрбиелеуде отбасы құндылықтарының 10 кеңесіне тоқтала отырып, тәрбие сапасының аз да болса жоғарлауына, ықпал етуіне мүмкіндік тудырды деген сенімдеміз. Айтылған кеңестер әр жанұяның жеке құндылықтарын қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіруге ықпал етеді деген сенімдеміз.

Отбасы жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғырта түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!

Железин аудандық филиалы

Павлодар облысы

17a56b10-0dc1-4f5a-aac6-b336945589be

Тіл – тәуелсіздік тірегі

2022 жылғы қыркүйек айынан басталған жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы жоспарға сәйкес әрі қарай жалғасын  табуда. Жуықта Ақсу қаласының №7 орыс мектебінде «Тіл — Тәуелсіздік тірегі» атты дәріс өткізілді.

«Тіл — Тәуелсіздік тірегі» атты дәрістің мақсаты — оқушылардың бойындағы патриоттық сезімдерін ояту, қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру. Тіліміздің мәртебесін жоғары көтеру. Оқушыларға сұрақтар қойып, ашық түрде әңгімелестік. Дәріске Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Елгонденова Гүлнар Көшербайқызы, Ақсу қаласының Құрметті азаматы, Павлодар облысы «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі, Ұлт тағдыры қозғалысының үйлестірушісі Қондыкерова Светлана Қабидоллақызы, қоғамның қалалық филиалының  мүшесі Оразбай Зина Жұманқызы қатысты.

Павлодар облысы,

Ақсу қалалық филиалы

2022_12_23_nazarovka

Ақаң шарасы: әрі қуантты, әрі ойландырды

Железин ауданы, Захаровка ауы­лы аталып отырған елді мекендегі мектеп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын өзге этнос өкілдері арасында насихаттауда айрықша көзге түсті. Жуықта мұнда аудандық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, ұстаздар мен оқушылар Алаш қайраткері жайындағы ізденістерімен бөлісіп, ғұлама еңбектерін жаңаша әдіс-тәсілмен оқытудың жолдарын көрсетті. 

Бұл конференцияның ерек­шелігі, оның теріскейдегі шекара тү­біндегі аядай ғана ауылда және көбіне өзге ұлт өкілде­рінің белсенді қатысуымен өткен­ді­гінде. Оларға Ахмет Байтұрсын­­ұлы­ның рухани мол мұрасы, білім саласында жасап кеткен ре­фор­малары кеңінен насихатталды.

Конференцияға аудандағы ондаған мектептен ұстаздар мен оқушылар жиналды. Захаров негізгі мектебінің директоры Тал­ғат Кәрібаев айтып өткен­дей, бұл танымдық іс-шараға дайын­­дық жаңа оқу жылының ба­сынан қолға алыныпты. Пән мұ­ғалімдері мен шәкірттер алдын ала іріктеліп, ұсынылатын жұ­мыстары сұрыпталған.

«Захаров негізгі мектебі Же­ле­зиндегі байырғы білім ұя­ла­рының бірі, іргетасы сонау 1974 жылы қаланған екен. Қа­зір­гі күні мұнда небәрі 33 бала білім алады. Оның ішінде 10 оқушы қазақ сыныптарына барады. Жыл сайы­н ауылда адам саны азайы­п, оқушылардың қатары кеми тү­суде. Бұл жағдай бізді айрықша алаңдатады. Ма­ман­дарымыздың үшеуі – жас кадр­. Біз шекараның түбінде, орманды орыс еліне жа­қын ор­налассақ та, тіліміз бен ділімізді, ұлттық дәстүрлерімізді барын­ша сақтап отырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлы тұлғалары жайында танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, халқы­мыздың маңдайына біткен мар­ғасқаларымызды танып-білуін тұрақты түрде назарда ұстаймыз. Осы жұмысымыздың үлкен бір көрінісі – Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми-практикалық конференция. Ауқымы аудан көлемінде ғана болғанымен, бұл жиынның теріскейдегі қазақ педагогтері үшін маңызы аса зор. Біз рухани дүниелерімізді сақтап, халықтың игілігіне қызмет еткен Алаш қайраткерлерін әлемге паш етуіміз керек. Ал оның бастауы – көпшілік орыстанып кеткен деп санайтын Железин секілді өңірлерде қадам тартып жатса, құба-құп», дейді Талғат Ер­мекұлы.

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбішев бекем бірлік пен жақсы тірліктің нышаны байқалатын ауданда рухани дүниеге ұмтылып, онысын өршіл ісімен байқатып жүрген азаматтардың көп екенін атап өтті.

«Көзі тірісінде алты Алаштың рухани көсемі атанған Ақаңның телегей теңіз бай мұрасын бү­гінгі іс-шарада жас ұрпақ тағы бір сараптап, дәлелдеп берді. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның мол мұрасы мәңгілікке халықпен жа­сай береді. Конференцияның мұғалімдер қатысқан секциясында Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным, тілді насихаттау, оқы­тып, үйрету бағыттары кеңінен қамты­лып, ұлт ұстазының ғылыми тұ­жырымдары мен негіздері б­ү­гінгі заманғы оқыту әдіс­теме­ле­рімен сабақтастырылды», деді ол.

Бұл күні ұстаздар мен оқу­шы­лар өзара секцияларға бөлініп, зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Үздік деп танылғандардың есім­дері құрметпен аталып, ұйым­дастырушылар тарапы­нан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен мара­патталды. №2 Железин орта мектебінің мұғалімі Жансая Ілия­сованың, оқушылар Төлеген Асхатұлы, Ах­мет Бектұрғанов, Ұлар Шады және Аурика Мотын­га­ның ізде­ністері ерекше көзге түсті.

Мұрат АЯҒАНОВ,

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»

Павлодар облыстық филиалы

төрағасының орынбасары

WhatsApp Image 2022-10-13 at 09.08.28 (3)

«Тіл — тәуелсіздік тірегі». Оқушыларға арналған дәріс

Осы жылдың  қыркүйек айынан бастап Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы Ақсу қаласының №1 қазақ орта мектебі, №2 орта білім беру мектебі, Дарынды балаларға арналған гимназиясы, Үштерек ОМ, №4 орта мектебі оқушылары үшін «Тіл- тәуелсіздік тірегі» атты дәрістер өткізіп келді.

Бұл шараның мақсаты — оқушылардың патриоттық сезімдерін ояту, қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру. Тіліміздің мәртебесі жайлы кеңінен әңгімеленіп, қазақ халқының жалпы тарихы туралы айтылды. Дәрістерге Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Сейілғазин Қабдрахман Байкенұлы, Ақсу қаласының Құрметті азаматы, Журналистер Одағының мүшесі, қоғам мүшесі Қондыкерова Светлана Қабидоллақызы, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы Елгонденова Гүлнар Көшербайқызы қатысты.

2023 жылы осы тақырыптағы дәрістер мен кездесулер  Ақсу өңірінің барлық мектептерінде жалғасын табатын болады.

Ақсу қалалық филиалы,

Павлодар облысы

1c28a1d8-5866-43e2-a15a-dc900bcd140a

Жақсымен өткен жарқын жүздесу

Қ.Исабаев атындағы Баянауыл аудандық орталық кітапханада Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының және  «Жыр-тұма» поэзия клубының ұйымдастыруымен осы өңірден шығып, айтыс өнерімен республикаға танымал болған жерлесіміз, көптеген додада топ жарып жүрген, «Жүрсіннің жүйріктерінің» қатарынан табылып, республикаға белгілі талай азулы ақындармен сөз қағыстырған  айтыскер ақын, елімізде болып жатқан әртүрлі жағдайларға бей-жай қарамайтын қоғам белсендісі, Түркия елінде сауда саласындағы кәсіппен айналысып жүрген «NK бизнес» жеке кәсіпкерлігінің иесі Нұрқанат Қайратпен кездесу кеші өтті.

Аталмыш кешке Баянауыл ауылының мектептерінің оқушылары және ұстаздары қатысты. Осы кешке арнайы келген Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Самал Жақыпова құлақ құрышы қанар әндерді көпшілікке тарту етті. Айтулы кеште Нұрқанат жас көрермендерге пайдасы тиер жігерлі сөздерімен әдемі әсер қалдыра білді. Сонымен қатар, қазақ тілінің жай-күйі әңгімеге арқау болып, Түркиямен салыстырмалы түрде біраз мысал келтірді. Жерлестеріне сауда, кәсіп саласындағы жай-күйді баяндап, тәуекел етуден қорықпауға шақырды. Кездесуде ол айтыстағы қызықты оқиғаларды да ортаға салды. Алдағы жоспарымен бөлісті.

Сонымен қатар, кеш қонақтары Нұрқанаттың ұстазы Таңат Ахатов, өнердегі һәм өмірдегі ағасы Айбат Ыдырысов өз лебіздерін  білдірді. Осы жиын барысында, Нұрқанат өзі ұйымдастырған байқаудың нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Ш.Айманов мектебінің оқушысы Ернұр Қанашқа сыйлық табыстады.

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ,

 «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық

 филиалының төрағасы,

Павлодар облысы.

DSC_2728

Ғалымдар басқосқан конференция

Бүгін ауданымызда «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет әлемі: қазақ тілінің бүгіні, болашағы» деген тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Батыс Қазақстан облысының инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми бөлім басшысы, ф.ғ.д, профессор Мұрат Бөкенбайұлы Сабыр модераторлық еткен конференцияның пленарлық отырысында  қазіргі қазақ тілінің жай-күйі мен мәртебесі төңірегінде онға тарта ғалымның баяндамалары тыңдалып, ұсыныстары айтылды. Алғаш сөз алған Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали қазіргі әдебиеттанудағы А.Байтұрсынұлының ғылыми әдіс-танымдық ұстанымдарының даму бағытында өз ойын ортаға салса, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева «А.Байтұрсынұлы мұрасы: қазақ болмысының тілдік бейнесі» тақырыбында көсіле сөйлеп, мазмұнды ойларымен бөлісті. Одан әрі сөз алған республиканың түкпір-түкпірінен келген ғалымдарымыз: филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата ат. Қызылорда университетінің доценті Болат Елтайұлы Боранбай, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Ұлдай Рысқалиқызы Ержанова, филология ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жұмазия Мәжитқызы Әбдірахманова, тілші-ғалым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру, кадр ісі бөлімінің басшысы Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев, филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, доцент Күлзат Қаниқызы Садирова, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата ат. Қызылорда мемлекеттік университетінің, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әсия Базарбайқызы Алмауытова, филология ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ғабит Қайыржанұлы Хасанов, Қызылорда қаласының Н.Ілиясов ат. №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Махсутқызы Елемесова сынды ғалымдарымыз Ахмет әлемі мен қазақ тілі ғылымының мәселелері төңірегінде кесек-кесек ойлары мен келісті пікірлерін көзі қарақты көрерменнің алдында ортаға салды.

Сондай-ақ, ғалымдар тарапынан бірқатар келелі ұсыныстар да осы конференция барысында айтылды. Мәселен, Ұлдай Рысқалиқызы тегіміздегі ұлттық кодты қалыптастыру турасында кеңінен тоқталса, Болат Елтайұлы қолданыста жүрген латын әліпбиін әлі де толықтыра түсу қажет екендін ерекше атап өтті. Ал тіл жанашыры Болат Өтеғалиұлы өз баяндамасын қорытындылай келе, мектеп жасындағы баланың бастауышта бірнеше тілді қатар оқуы үлкен қателік екендігін атай келе, қазақ баласы бастауышты тек ана тілінде ғана оқуы өте маңызды екендігін, сөйткенде ғана баланың тілдік қорының толыға түсіп, ана тілінде еркін сөйлей алуына ықпал етуге болатынын қадап айтты.

Конференция мазмұнын қорытындылай келе Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыру, кадр ісі бөлімінің басшысы Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев ауданымыздың: Айгүл Джоламанова, Тілеген Калиев, Самат Байболат сынды азаматтарына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарушы директорының атынан алғыс хаттар табыс етті.

Шара соңында аудан әкімі конференцияның мазмұнды һәм мәнді өтуіне атсалысқан ғалымдарымыз бен қадірлі меймандарға алғысын білдіре отырып, жерлесіміз, Ақбұлақ ауылының тумасы, А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы Манкеева апамызға салтанатты тұрде «Ауданның құрметті азаматы» атағын табыс етіп, ықылас-құрметін көрсетті.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Аудандық филиалының

атқарушы хатшысы Самат БАЙБОЛАТ,

БҚО, Шыңғырлау ауданы