05

Анкарада Байтұрсынұлы конференциясы өтті

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына және Қазақстан халықтарының тілдер күніне орай «Тіл туының тұғыры – Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өтті.

Көкту қазақ мәдениеті қоғамы мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырған конференцияға түрік елінде қазақ тарихы, тілі және әдебиетімен айналысатын ғалымдар,  Қазақстанға қызығушылықпен қарайтын университет студенттері,  қазақ достары мен қазақстандықтар қатысты.

 Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген 5 қыркүйек – қазақтың біртуар перзенті, асыл ұлдарының бірі, қазақтың қамымен өмірін өткізген Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Осы атаулы күнге орай өткізілген конференцияда беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Еркебұлан Сапиев «Қазақтың Ахаңдай ұлы тұлғасын Түркия елі мен зиялыларының жақсы білетінін, оның тек Қазақ елінің перзенті емес, бүкіл түркі әлемінің зиялысы екенін» айтты.

Проф. Др. Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өтіп жатқан тарихи күнде осындай конференцияда оның өмірі мен шығармашылығын насихаттап отырғандарына қуанышты екенін айтты. Ол осындай атаулы күндерді атап өтуді Тәуелсіздігімізге қарыздар екенімізді, сондықтан еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін ерекше құрметтей білуіміз керектігін баса айтты. Түрік елінде қазақтың перзенті, Алаштың жетекші қайраткерлерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін таныстырып жүрген қазақ ғалым өзінің баяндамасында ғалым, ағартушы, зиялы және қоғам қайраткерінің өмір жолын және ұлттық сананың орнығуы, қазақ халқын ағарту жолындағы күресіне орын берді. Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолындағы маңызды даталар мен бетбұрыс болған оқиғаларға тоқталып, сүргінжылдарын жан-жақты баяндап берді.

Проф. Др. Наргиз Бирай сөз кезегінде Ахмет Байтұрсынұлының ана тілін санаға сіңіру және ұлттық сананың қалыптасуындағы ролін егжей-тегжейлі ашып берді.  Ол Ахмет Байтұрсынұлының  әліпбе, терминология, термин қалыптастыру әдістері, оқулықтар, грамматика, әдебиет, жазба тілі секілді тақырыптардаңы еңбектеріне орын берді. Түрік ғалым қазақ зиялысы өткен ғасырдың басында жазып кеткен терминдердің кейбірінің заманауи Қазақстанда әлі күнде қолданыста екенін баса айтты. Ол өз сөзінде Алаш қайраткерлеріне қарыздар екенімізді еске салды.

Проф. Dr. Өзкул Чобаноглу болса Ахмет Байтұрсынұлын тек «зиялы» деп атаудың жеткілікті еместігін, оның ойшыл ғана емес,  сонымен бірге пікірлерін іске асырған тұлға екенін атап көрсетті. Чобаноғлу қазақ халқының біртуар ұлы Байтұрсынұлының әрі активист,  әрі ерекше ойшыл екенін айтты.

Сөз кезегінде Др. Якуп Өмероғлу қазақтың біртуар зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш қайраткерлерінің қазақ халқы үшін өз өмірлерін пида қылғанын баса айтты.  Ол Алаш қайраткерлерінің қиын өмір жолдары және түрлі азаптауларға қарамастан бұл өмірмен қоштасар сәттерінде де құламай, тік тұра білгендерін атап көрсетті. Алаш қозғалысы және «Қазақ» газетіне ерекше орын берген Өмероғлу «Қазақ» газетінің 1913 жылы Түркиядан 13 жазылушысы болғаны туралы деректі жеткізді. Еуразия Жазушылар Одағы ретінде «Қардеш қалемлер» атты журналдың қыркүйек айындағы санын  Ахмет Байтұрсынұлына арнағандарын да білдірді. Өмероғлу сонымен бірге қазақтың маңызды тұлғасына Түрік жерінде ескерткіш ашып, атына көше беру ұсынысын да жеткізді.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы, қазақ тарихы, білім саласының дамуы мен ғылым әлеміндегі орны, ұлттық күрестегі рөлі туралы кеңінен мағлұмат берілген конференцияны Көкту қазақ мәдениеті қоғамының жетекшісі Лаззат Мулазымоғлу басқарып отырды.

Танымдық мәліметке толы конференциядан кейін Көкту қоғамы ұйымдастырған қазақ тілі курсының студенттері Гүлшах Чобан мен Серап Пылгыр Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Қазақстандық студент Әли Асқар домбырамен Байтұрсынұлының әндерін шырқады.

Конференцияның аяғында Еуразия Жазушылар одағы шығаратын «Кардеш Калемлер» журналының «Ахмет Байтұрсынұлы арнайы саны» таныстырылды.

Метки: нет меток

Add a Comment

Your email address will not be published. Required fields are marked *