Балаңызды қазақ мектебіне беріңіз!
Бұл кезінде ұлтты сақтау үшін айтылған
ұран болса, бұл күнде ұрпаққа жаны
ашығаннан айтылатын ақыл. Сіз балаңызды
ана тілінде сусындап өссін десеңіз, алдағы
оқу жылында қазақ мектебіне беріңіз…
Балам ертең қазақтың ұлттық менталитетіне
сай тəрбие алсын десеңіз, онда бүгін
ойланыңыз!
Ескерту бізге парыз
Жобаның мақсаты:
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа болжаммен 400 мыңнан аса бала барады деп күтілуде.
Биылғы жылы 1-ші қазақ сыныбына баратын барлық балалардың үлесін 95-100 %-ке көтеру міндеті көзделуде.
2022-2023 оқу жылында ата-аналарға балаларын 1-ші қазақ сыныбына беруіне ықпал ету, кеңес беру жəне оларға түсіндіру
жұмысын жүргізу.
Жобаны ұйымдастырушы мен іске асырушы:
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі
Ағымдағы жағдай
2021-2022 оқу жылында республикамыздағы 6941 мектептің 3 736-сы ғана (53,8 %) қазақ тілінде, қалған 3205 мектеп (46,2 %) орыс жəне басқа тілдерде білім береді. Бұл барлығымызды ойландыратын мəселе.
Еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде 3 435 474 оқушы білім алса, олардың 2 254 625 (65,6 %) қазақ тілінде білім алуда. Ұлты қазақ балалардың 82 % ана тілінде, 50 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің баласы қазақ тілінде білім алуда.
Ата-аналар арасында балаларын орыс мектебіне беру үрдісі жалғасуда. Ағымдағы оқу жылында 495 545 қазақ баласы (18 %) орыс тілінде білім алуда. Бұл жағдай баршамызды толғандыруы керек.
1-сынып оқушыларының жалпы саны – 395 000 бала, олардың 273 690 (65,3 %) қазақ тілінде білім алуда.
Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мəдениеті мен əдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза əрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», деді.
Ата-аналар арасында, жалпы қоғамда қалыптасқан үрдіс:
- орыс тілін терең меңгертеміз деген мақсаты;
- қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген алфавитке ауысу салдары болады деген негізсіз үрей;
- қазақ тілінде оқытатын мектептерде білім сапасы төмен деген негізсіз пікірдің қалыптасуы;
- балаларының алыс және жақын шетелдерде білім алуын жоспарлауы.
Негіздеме: PISA зерттеулерінің нәтижелерін талдау үздік ондыққа үнемі белгілі бір елдердің оқушылары ғана енетінін анықтады. Олардың қатарында Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Гонконг, Тайвань секілді елдер бар.
Аталған елдердің білім беру жүйелерін саралағанда, бұл елдер орта білім беру жүйесінде ұлттық-рухани тәрбие мәселесіне, бастауышта балаға ана тілінде білім беруге баса назар аударатынына көз жетті. Осы талдау мектептерде ұлттық-рухани тәрбие беріп отырған мемлекеттерде білім сапасының жоғары екендігін айқындады. Демек, қазақ баласы қазақ тілінде білім нәрімен сусындап, патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбие алғанда ғана оған болашаққа кеңінен жол ашылады және сапалы білім алады.
2021 жылғы жүргізілген халық санағының болжамды нəтижесі бойынша еліміздегі халықтың 70 %-тен астамын қазақтар құрайды. Осы тұрғыда жыл сайын шамамен дүниеге келетін 400 мыңнан аса баланың барлығы қазақ мектебіне баратын болса, онда 6-7 жылда қазақ мектептерінде білім алатын қазақ балаларының үлесі 95-100%- ке жетуі əбден мүмкін.
Баланы қазақ мектебіне берудің негізгі аргументтері:
1. Қазақтың əр баласы өз ана тілінде білім алуы керек.
2. Қазақ мектебіндегі білім деңгейінің/сапаның жоғары болуы
3. Балалардың ұлттық құндылықтарға, этнопедагогикаға негізделген тəрбие алуы.
4. Орыс тілді мектептердегі кадр тапшылығы (əсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері, пəн мұғалімдері).
5. Қазақ мектебін бітірген түлектердің мансаптық өсу мүмкіншілігінің болуы.
6. Халықаралық, республикалық пəн олимпиадалары мен конкурстары жеңімпаздарының басым бөлігі қазақ мектептерінің оқушылары.
7. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлері мен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резервінің басым бөлігі қазақ мектептерінің түлектері.
8. Қазақ мектебіне деген сұраныстың артуы.
9. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нəтижесі бойынша қазақ мектептері түлектерінің көрсеткіші анағұрлым жоғары.
10.Қазақ тілінде білім беретін мектептер желісінің жылдан-жылға артуы.
Жобаны іске асыру кезеңдері:
Әрбір өңірде ақсақалдар кеңесін, білім беру саласының ардагерлерін, зиялы қауым өкілдерін, білім беру ұйымдарының
қызметкерлерін, қазақ мектебін бітіріп, шет елде білім алған, жетістіктерге жеткен азаматтарды қатыстыра отырып, 1-сыныпқа баратын балалардың ата-аналарымен кездесулер өткізу, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы (телеарналар, радио, газетжурналдар) ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Мерзімі: 2022 жылғы сəуір-шілде айлары
Білім беру ұйымдарында ата-аналарға арналған «Кел, балалар, ана тілімізде оқиық!» атты ашық есік күнін өткізу (қазақ
мектептерінің əлеуетін, жетістіктерін, ерекшеліктерін, педагогикалық құрамын, материалдық жағдайларын таныстыру).
Мерзімі: 2022 жылғы сəуір-мамыр айлары
Білім беру ұйымдарының ресми сайттары мен аккаунттарына, сондай-ақ жергілікті баспасөз беттерінде аталған жоба туралы үндеу, бейнеролик жариялау.
Мерзімі: 2022 жылғы сəуір-шілде айлары
«Мемлекеттік тіл – біздің болашағымыз» атты ата-аналар мен оқушылар арасында кең көлемді ақпараттық науқанды жүргізу.
Мерзімі: 2022 жылғы сəуір-шілде айлары
Кері байланыс:
2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 2022-2023 оқу жылында 1-ші қазақ сыныбына қабылданған балалардың үлесі туралы ақпарат ұсыну.
ҚОРЫТЫНДЫ:
Біз, қазақ жұрты, бақыт құсын қолға қондырған халықпыз. Себебі, қазақ елінің бабалардан мұра болып қалған кең-байтақ жері, тағылымы мол тарихы, діні мен ділі, ана тілі бар. Тарихымыз, дініміз бен діліміз ұлт жадынан өшпестей болып, мəңгіге тұрақтады деп сенеміз. Ал ана тіліміздің жайы не болмақ?
Ертеңін ойлаған əр ұлт өз ана тілін қорғауға міндетті деп білеміз. Отанқорғаушылар туған жерін қызғыштай қорыса, ондағы халық та өздеріне аманат етілген тілді дəл солай қорғай білуі қажет. Осының бəрін халықтың санасына жеткізетін бірден бір интеллигенция өкілі ол — ҰСТАЗ
Сондықтан, ҰСТАЗДАР, осы жобаны іске асыруға бəріміз жантəнімізбен бір кісідей атсалысайық.
Add a Comment