Железин ауданы, Захаровка ауылы аталып отырған елді мекендегі мектеп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын өзге этнос өкілдері арасында насихаттауда айрықша көзге түсті. Жуықта мұнда аудандық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, ұстаздар мен оқушылар Алаш қайраткері жайындағы ізденістерімен бөлісіп, ғұлама еңбектерін жаңаша әдіс-тәсілмен оқытудың жолдарын көрсетті.
Бұл конференцияның ерекшелігі, оның теріскейдегі шекара түбіндегі аядай ғана ауылда және көбіне өзге ұлт өкілдерінің белсенді қатысуымен өткендігінде. Оларға Ахмет Байтұрсынұлының рухани мол мұрасы, білім саласында жасап кеткен реформалары кеңінен насихатталды.
Конференцияға аудандағы ондаған мектептен ұстаздар мен оқушылар жиналды. Захаров негізгі мектебінің директоры Талғат Кәрібаев айтып өткендей, бұл танымдық іс-шараға дайындық жаңа оқу жылының басынан қолға алыныпты. Пән мұғалімдері мен шәкірттер алдын ала іріктеліп, ұсынылатын жұмыстары сұрыпталған.
«Захаров негізгі мектебі Железиндегі байырғы білім ұяларының бірі, іргетасы сонау 1974 жылы қаланған екен. Қазіргі күні мұнда небәрі 33 бала білім алады. Оның ішінде 10 оқушы қазақ сыныптарына барады. Жыл сайын ауылда адам саны азайып, оқушылардың қатары кеми түсуде. Бұл жағдай бізді айрықша алаңдатады. Мамандарымыздың үшеуі – жас кадр. Біз шекараның түбінде, орманды орыс еліне жақын орналассақ та, тіліміз бен ділімізді, ұлттық дәстүрлерімізді барынша сақтап отырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлы тұлғалары жайында танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, халқымыздың маңдайына біткен марғасқаларымызды танып-білуін тұрақты түрде назарда ұстаймыз. Осы жұмысымыздың үлкен бір көрінісі – Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми-практикалық конференция. Ауқымы аудан көлемінде ғана болғанымен, бұл жиынның теріскейдегі қазақ педагогтері үшін маңызы аса зор. Біз рухани дүниелерімізді сақтап, халықтың игілігіне қызмет еткен Алаш қайраткерлерін әлемге паш етуіміз керек. Ал оның бастауы – көпшілік орыстанып кеткен деп санайтын Железин секілді өңірлерде қадам тартып жатса, құба-құп», дейді Талғат Ермекұлы.
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбішев бекем бірлік пен жақсы тірліктің нышаны байқалатын ауданда рухани дүниеге ұмтылып, онысын өршіл ісімен байқатып жүрген азаматтардың көп екенін атап өтті.
«Көзі тірісінде алты Алаштың рухани көсемі атанған Ақаңның телегей теңіз бай мұрасын бүгінгі іс-шарада жас ұрпақ тағы бір сараптап, дәлелдеп берді. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның мол мұрасы мәңгілікке халықпен жасай береді. Конференцияның мұғалімдер қатысқан секциясында Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным, тілді насихаттау, оқытып, үйрету бағыттары кеңінен қамтылып, ұлт ұстазының ғылыми тұжырымдары мен негіздері бүгінгі заманғы оқыту әдістемелерімен сабақтастырылды», деді ол.
Бұл күні ұстаздар мен оқушылар өзара секцияларға бөлініп, зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Үздік деп танылғандардың есімдері құрметпен аталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. №2 Железин орта мектебінің мұғалімі Жансая Ілиясованың, оқушылар Төлеген Асхатұлы, Ахмет Бектұрғанов, Ұлар Шады және Аурика Мотынганың ізденістері ерекше көзге түсті.
Мұрат АЯҒАНОВ,
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»
Павлодар облыстық филиалы
төрағасының орынбасары
Add a Comment