«Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Аққулы аудандық филиалы аудан орталығындағы «Айналайын» балабақшасында «Қазақ тілім – мақтанышым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Оған балабақша басшысы және тәрбиешілері қатысты. Шара барысында аудандық филиал төрайымы А.Бижанова және орынбасары Шынасыл Ховланды ана тіліміз — қазақ тілі жылдар бойы кездескен қиындыққа төтеп беріп келе жатқанынан мысалдар келтірді. Әрине бүгінгі тіл жағдайы әжептәуір жақсарған. Мүмкіндік әртарапты. Тек ұлт мүддесіне тиімді бағытта өрбіте білу басты мақсатымыз. Қоғамда үлгілі жас отбасылар ана — бала — тәрбиеші арасындағы ортақ байланысындағы тіл, тәрбие, дін, салт дәстүрдің дұрыс қалыптасуына үлес қосып жүр. Бұл — тәуелсіздігіміздің жемісі!
Осы ретте қоғам белсенділері тәрбиешілер болашақтың мығым болуына бірден бір ықпал жасай алатынына сенімдерін білдірді. Бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Өз кезегінде тәрбие ошағының қызметкерлері бүгінгі күні балалармен өткен шаралардың арқасында орыс тілінде сөйлеп кірген біраз балалар қазақ тілінде үйлеріне жиналатынын айтты. Бақшаны тәмамдаған ересек топтағы әр баланың әрі қарайғы тілдік жағдайы барған ортаға байланысты екені бәрімізге мәлім. Сол себепті ұрпақ болашағының шыңы биік болуы үшін әр ата — ана өз үлесін қосса игі болар еді. Шара соңында балабақша тәрбиешілеріне аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі «Балапан» журналын тарту етті.
Гүлнар Жанболатова,
Аққулы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.
Add a Comment