БАҒДАРЛАМАСЫ
«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ 2021-2025 жылдарға арналған
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңында 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тілінің қоғамның барлық саласында қолданылуына, дамуына ынталы қазақстандық азаматтар мен шетелдерде тұратын осы мақсатқа мүдделі азаматтардың басын біріктіретін ерікті ұйым ретінде құрылды. Қоғамдық бірлестік елдің ұлттық зиялы қауымын біріктірген бірден бір іргелі ұйымға айналды. Қоғамның VI Құрылтайында бекітілген осы Бағдарламада Қоғамның төменде көрсетілген жалпы миссиясы мен мақсатына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарының негізгі бағыттары, осы жылдары алға тартқан міндеттері көрсетіледі. Қоғамның миссиясы – Ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің беделін арттыру, сол арқылы қазақ мәдениетін, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақстандықтардың мемлекеттік тілді қолдану мен құндылық ретіндегі жауапкершіліктерін арттыруға жұмылдыру. Қазақ тілінің қазіргі ахуалы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Бұл тарихи жағынан алғанда қазақ тілін дамыту жолындағы іргелі мүмкіндік пен ірі саяси негіз болды. Осының негізінде Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қазақ тілі этностық сипаттан арылып, мемлекетті басқаруға деген қауқарын айтарлықтай арттырды. Республика аумағында қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі халықтың 80%-дан астамы қазақ тілін ауызша түсініп, еркін оқитынын, 60 %-дан астамы еркін жазатынын көрсетіп отыр. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі қазақ азаматтардың есебінен ғана емес, сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің есебінен де артып отыр. Соңғы 3 кезеңдердегі көрсеткіш бойынша ЖОО студенттерінің 70%-ға жуығы қазақ бөлімдерінде білім алуда. Бұл көрсеткіштер елдің егемен болу қарсаңындағы статистикаға қарағанда, әрине анағұрлым өсті. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді: қазақ тілінде оқытып, тәрбие беретін ұйымдар – 6 мыңға жуықтады, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары – 90-нан асады; олардың ішінде 80-ге тарта оқуәдістемелік құрал, балаларға арналған 100-ге тарта кітап, 46 салалық сөздік және электрондық материалдар жарық көрген. Бұл жыл сайын арту үстінде. Қазақстандағы тіл саясаты мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сәйкес жағдай жасап, тілдік ортада басты байланыс тетігі ретінде қолға алып келеді: Дегенмен, түрлі объективтік және басқа да себептерге байланысты қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі кешеуілдеп қалыптасуда, әлі де тілдік ортада үйлесімсіз әрі қайшылықты көріністер бой көрсетуде. Қазақ тілін дамытуға тиісті және оның мемлекеттік мәртебесін орнықтыруға қажет заңдамалық база заман талабы мен қоғамның жаңа сұранысына қарай жетілдіруді қажет етеді. Осығың салдарынан қазақтілді ата-аналар, орыстілді балабақша мен мектептерді таңдайтыны да өзекті мәселеге айналды. Қазіргі орыстілді балабақша мен мектеп негізінен қазақ этносы балаларының есебінен толығып отыр. Деректер бойынша, соңғы 10 жылда қазақтілді мектеп саны бар-жоғы 4- ке ғана көбейген, ал аралас мектеп саны бірден 339-ға артқан, бірақ орыс мектептерінің саны 211-ге азайған. Оқулықтар мен әдебиеттердің, оқу әдістемелері мен қажет ресурстардың осалдығы, сапасыздығы мен цифрлық, электрондық контенттердің тапшылығы салдарынан қазақ тілінде оқыту мен сөйлеу, қолдану тиімділігін азайтып жіберді. Ата-аналардың балаларын орыс сыныбына беруінің басты себебі – қосалқы еркін контенттің мардымсыздығы мен бала дамуына қажет саймандардың тапшылығы. Қазатілді бала мектеп бағдарламасымен ғана шектелуге мәжбүр. Оның үстіне 4 сәбилердің тілі орысша шығатын ахуал орныға бастады, қазақ ата-аналар балаларын қазақ тілін үйретуге қосымша ақша шығындауға мәжбүр болуда. Бірқатар бастауыш сыныптардағы орыстілді балалар қазақша оқуға көндіге алмай, орыстілді сыныптарға ауысуда. Қазіргі кезде бастауыш сынып балаларын алдын ала қазақ тілі бойынша даярлау қажеттігі туындады.
Орыстілді мектептердегі қазақ тілі пәнін оқыту сапасы төмен, пән мұғалімдерін қолдау әдістемелік жақтан да, материалдық жақтан да кемшін. Орта мектепті бітірушілер үшін ҚазТест жүйесімен тіл білу деңгейін бағалау әлі күнге енгізілмей келеді. Қазақ тіліне деген мемлекет тарапынан сұранысты көтермелеу лайықты болмағандықтан, қоғамда түрлі қайшылықтар мен дау дамай, наразылықтар туындауда. Қазақ тілінің елдегі ахуалын шұғыл өзгертудің жолы тіл саясатын басты үш тағанға орнатуға келіп саяды: қазақ тілінің имиджін көтеруге бағытталған насихат жұмысы, мемлекеттік тілді қолдайтын құқықтық негіздің жеткілікті болуы, тіл саясатын қаржымен толық қамтамасыз ету. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің орнықтылығы сол тілді мемлекеттік қызметтің қолдануына тікелей қатысты. Осы жағынан алғанда мемлекеттік қызметке алынатын азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін ҚазТест жүйесімен бағалау қажеттігі де туындап отыр. Бұдан басқа қазақтілді ұлты қазақ емес азаматтардың мемлекеттік
қызметке жолын ашу қажеттігі және бар. Сонымен бірге, қазақ тілінің мемлекеттік сектордағы деңгейі мен сапасын көтеруге арналған материалдық ынталандырудың да қажеттігі туралы қоғамдық пікір қалыптасты. «Қазақ тілі» қоғамы бұлардың барлығын өз қызметінде ескеретін болады. 5
І. ҚОҒАМ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
Жоғарыда көрсетілген қордаланған мәселелерді шешу үшін Қоғам бағдарламасы негізінен 4 бағыттағы қызметті қамтиды.
1-бағыт. Мемлекеттік тілдің заңнамалық базасын жетілдіру және оның орындалуын талап ету;
2-бағыт. Қазақ тілін және сол арқылы ұлттық құндылықтар мен ұлт мәдениетін, ұлттың жаңа болмысын насихаттау;
3-бағыт. қоғамның барлық саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және сапасын (тіл мәдениетін) арттыру;
4-бағыт. Қазақ тілін оқыту және оның лингводидактикалық, әдістемелік, практикалық, қолданбалы базасын жетілдіру.
ІІ. ҚОҒАМ МІНДЕТТЕРІ
Әрбір бағыт бойынша төмендегідей міндеттер алға тартылды
1-бағыт. Мемлекеттік тілдің заңнамалық базасын жетілдіру және оның орындалуын талап ету
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тілі туралы заң жобасын әзірлеу, ұсыну;
-Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіліне қатысты заңнамаларды жетілдіру;
-Мемлекеттік тіл туралы заңды және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындайтын және нығайтатын басқа да заңдар мен нормативтік актілер қабылдау жөніндегі бастамаларды қолдау, қажетіне қарай тіл туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- сайлану мен тағайындалу кезіндегі барлық деңгейдегі депутаттардың, әкімдердің, барлық деңгейдегі соттардың, 6 мемлекеттік тілді білу деңгейін ҚазТЕСТ жүйесімен бағалау мәселесін көтеру және Мемлекеттік қызмет туралы заңға арнайы өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- халыққа, тұтынушыларға тікелей қызмет көрсететін барлық мамандарға қазақ тілінде қызмет етуді ҚазТЕСТ жүйесінің сертификаты бойынша рұқсат ету мәселесін көтеру;
- балабақшалар, орта мектептер мен кәсіптік білім беру мекемелерінің басшылары, бюджеттік ұйымдар мен мекеме басшыларының қазақ тілін білу деңгейін ҚазТЕСТ жүйесімен бағалауды енгізуге ықпал ету;
- қазақ тіліне қатысты құқықтық-нормативтік талаптардың сақталуына және орындалуына қоғамдық бақылау орнату. 2-бағыт. Қазақ тілін және сол арқылы ұлттық құндылықтар мен ұлт мәдениетін, ұлттың жаңа болмысын насихаттау
- қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын, ұлттық өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауға бағытталған конкурстар, әдеби оқулар мен кештер, концерттер, ақындар айтысы және тағы басқа рухани жаңғыру мазмұнындағы мәдени-көпшілік іс шаралар өткізу;
- ұлттың жаңа болмысын: жауапкершілік, отансүйгіштік, ісіне адалдық, кәсібилік, сөзінде тұру, үздіксіз білім алуға ұмтылу, ұтқырлық сияқты қасиеттерді ұлт бойына қазақ тіл арқылы сіңіру шараларын ұйымдастыру;
- мерзімді баспасөз құралдарын шығару, өзінің сайттарында, өзге БАҚ-та, электронды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын, еліміздегі тілдік ахуалды және Қоғамның жұмысын насихаттау. 3-бағыт. Қоғамның барлық саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және сапасын (тіл мәдениетін) арттыру
- халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелердің, сауда, қоғамдық тамақтандыру және т.б. кәсіпкерлік нысандардың қазақ тілінде іс жүргізу және қызмет көрсету сапасын 7 арттыруға бағытталған бақылау шараларын ұйымдастыру;
- билік өкілдері мен мемлекеттік органдардың қазақ тілінде коммуникация жасау және қызмет ету сапасын арттыруға бағытталған бақылау шараларын ұйымдастыру;
- мемлекеттің тіл саясатының тиімділігін анықтайтын әлеуметтік мониторинг, сауалнама өткізу, тиісті органдарға қсыныстар әзірлеу;
- Қазақстандағы тілдік жағдаят, қостілділік, тілдің ұрпақтан ұрпаққа берілу жолы, қоғамдық санаға әсері, өзге мемлекет территориясындағы қазақ тілі мен мәдениетіне т.б. қоғам мен тіл арасындағы байланысты ізденістер жүргізу, оларға қолдау көрсету;
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатының, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған конференциялар, дөңгелек үстел, семинар, біліктілікті арттыратын дәріс, курстар және тағы басқа іс-шаралар өткізу. 4-бағыт. Қазақ тілін оқыту және оның лингводидактикалық, әдістемелік, практикалық, қолданбалы базасын жетілдіру
- еліміздегі және шетелдердегі қазақтардың және өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуіне қажетті жағдай туғызу, қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз ету;
- қазақ тілін оқытуға және өз бетімен оқып үйренуге арналған бағдарламалар, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер, оқу құралдарын, анықтамалықтар, көрнекі құралдар, сөздіктер мен тілашарлар әзірлеп, тарату;
- қазақ тілін цифрландыру, қазақша контент жасау, электронды оқулықтар мен мобильді қосымшалар, танымдық ойындар, электронды тіл корпусын, қазақ тілін түрлі тілдерге аудару бағдарламаларын әзірлеу;
- балабақша, орта мектеп және ЖОО-ға арнап қазақ тілін оқыту бағдарламаларын түзу, оқулықтар мен оқу құралдарын шығару; әдістемелік кеңестер беру, сараптамалар жасау.8
ҚОРЫТЫНДЫ
Осы Бағдарламаны жүзеге асыру барысында Қоғам барлық қоғамдық ұйымдармен де, этно-мәдени бірлестіктермен де бірлесе отырып жұмыс атқарады және коммерциялық тараптағы ресурстарды да серіктестік шеңберінде мемлекеттік тілді дамытудың әлеуеті ретінде өрбітеді. Сонымен қатар, ғылыми мекемелермен, шығармашылық одақтармен және т.б. ұйымдармен жарғылық мақсат аясында өзара ықпалдасып әрекет етеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінің аясын ұлғайтуда және тілдік ортаны кеңейту барысында қоғамдық ортада қандай да бір шиеленіс пен жанжал тудыру жолымен атқарылатын шараны немесе әрекетті ешбір қолдамайды және барлық әрекет заң мен қоғамдық үйлесім жағдайында жүзеге асуын қадағалайды. Қоғамда туындайтын тілге қатысты қандай да бір арандату мен жанжал туғызушыларды болдырмауға атсалысады. «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тіліндегі және мәдениеттер арасындағы коммуникацияның жақсаруына ықпал етуге, қазақ тілін қазақстандық идентификация көрінісі ретінде қабылдауға үндейді әрі соған жұмылдырады. Қоғам қазақ тілінің қолдану ауқымын кеңейту жолындағы әрекетте, мемлекеттік тілді үйренуді азаматтардың шыққан
тегі мен этностық сипатына қарамастан, олардың бойына өз еркімен сіңіретін отаншылдықтың бір үлгісі ретінде қарастырады және соған қоғамдық ортада ықпал етіп, ауан қалыптастырады. Аталмыш Бағдарлама – Қоғамның басты қызмет ету бағытын белгілейтін құжат болып саналады. Бағдарлама уақыт талабына қарай қайта қаралып, толықтырылып, өзгертілетін болады.